Жұмбақ өлең
Жұмбақ өлең

Бұл өлеңді студент кезде қойын дәптерге түсіріп алған екенмін, авторы белгісіз. Мағынасы жақсы өлең екен,  оқырмандармен бөліскенді жөн көрдім. 

 

Кеткен күнді сағынам ғайып болып, 

Өкінемін сырымды жайып болып. 
Өткен күнді сағынған сезімімді 
Ұяламын бойыма айып көріп. 
 
Білмеймін ғой, мүмкін рас айып менен, 
Тағдыр солай, жұмбақ қой ғайып деген. 
Өлеңіме сен лайық болмадың ба? 
Жазбадым ба әлде мен лайықты өлең? 
 
Шаттық тауып жүрмегем бірге мүлде, 
Ой да шабан, қиялдап үлгеруге. 
Сен тым ұяң қыз едің, мен балаң ем 
Содан болар батпаушы ем гүл беруге. 
 
Гүлді қойшы...сөзден де дара тұрдым, 
Сен сезбедің астарын ағатымның.
 Біреу саған тіл қатса қатарласа 
Іштей сені қызғанып қалатынмын. 
 
Ұялдым да сезімді сездірмедім, 
Жасамады жүрегім өз білгенін. 
Ақырында біздерді әр тарапқа 
Мойындадық тағдырдың кездіргенін... 
 
Жары болдың жап жақсы саналы ердің, 
Сырласпадым жасырып қала бердім.
Мейлі ана бол сен бірақ елесімде 
Тап таза ұяң қыз боп қала бергін. 
 
Соқыр сезім «іздеші» деп тұрады,
 Іздемеймін текті жан тек тұрады. 
Балалықпен жоғалған бал сағыныш 
Кейде осылай өлең боп кеп тұрады.
 
(Авторы белгісіз)
Нурлан КемелжанНурлан Кемелжан
9 жыл бұрын 5910
0 пікір
Блог туралы